Ақмола облысында 7 миллион теңгелік ірі интернет-алаяқтық тергеліп жатыр

Фото: Gov.kz
Ақмола облысында Жібек жолы кентінің тұрғыны мен оның отбасы ірі интернет-алаяқтықтың құрбаны болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
Полицияның мәліметінше, белгісіз тұлғалар жәбірленушінің қызына хабарласып, өздерін Kcell ұялы байланыс операторының қызметкерлері ретінде таныстырған.
«Олар SIM-картаның қолдану мерзімі аяқталғанын айтып, оны шұғыл түрде ұзарту қажет екенін жеткізген. Қоңырауға сенген қыз SMS арқылы келген кодты айтып берген. Осылайша алаяқтар оның жеке деректеріне қол жеткізген. Одан кейін қыз көпсатылы алаяқтық схемаға тартылған. Бір күн ішінде оған өзін Ұлттық банктің, құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған бірнеше адам қоңырау шалған. Олар «тексеру» және «тергеу жүргізу» сылтауымен қыздың аты алаяқтық операцияларға қатысушы «дроппер» ретінде тіркелгенін айтып, тінту жүргізілетіні, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны және есепшоттары бұғатталатыны жөнінде қорқытқан»,- делінген полициясын ресми хабарламасында.
Психологиялық қысымға түскен жәбірленуші алаяқтардың нұсқауымен әкесінің телефонын алып, үшінші тұлғалардың есепшоттарына бірнеше ақша аударымын жасаған.
«Нәтижесінде отбасының банк шотында сақталған 7 000 000 теңге көлеміндегі қаражаты қолды болған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталуда»,-деді полиция баспасөз қызметі.
.Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша негізгі ережелерді еске салды:
Банктердің, байланыс операторларының және мемлекеттік органдардың қызметкерлері мессенджер арқылы хабарласып, SMS-код, PIN-код немесе банк картасының деректерін сұрамайды.
Олар өздерін ресми қызметкер ретінде таныстырса да, SMS арқылы келген кодтарды ешқашан бөгде адамдарға айтпаңыз. Қорқыту мен қысымға ермеңіз.
Алаяқтар көбіне қылмыстық жауапкершілік, тінту және шоттарды бұғаттау туралы жалған ақпарат арқылы адамды үрейлендіреді.


