Алматыда жер сілкінісі тіркелді

Фото: pixabay.com
ҚР ТЖМ «Сейсмологиялык зерттеу институты» ЖШС Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты ресми мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР ТЖМ «Сейсмологиялык зерттеу институты» ЖШС ұсынған мәліметтерге сәйкес, Алматыда 2026 жылғы 17 ақпанда Астана уақытымен 15 сағат 09 мин жер сілкінісі тіркелген.
«Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 74 км. жерде орналасқан. Зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ», — делінген хабарламада.
Ведомство Алматы қаласындағы жер асты дүмпулерінің күші 2 балды, ал Алматы облысында 2–4 балды құрағанын мәлімдеді.
Сонымен бірге ҚР ТЖМ жер сілкінісі кезінде «Mass Alert» жүйесі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, «Mass Alert» жүйесі тұрғындарды тек қауіпті сейсмикалық оқиғалар туралы жедел хабардар ету үшін, бекітілген әрекет ету алгоритмдері бойынша жұмыс істейді.
«Mass Alert» жүйесін пайдалану жөніндегі қолданыстағы іс-әрекет жоспарына сәйкес, автоматты ескерту тарату тек сейсмикалық оқиға үш және одан көп сейсмикалық датчикпен тіркелген жағдайда және Алматы қаласы аумағындағы жер сілкінісінің болжамды күштілігі MSK-64 шкаласы бойынша 5 және одан жоғары баллды құраған кезде іске қосылады. Аз қуаттылықтағы жер сілкіністері үшін автоматты ескерту тарату қолданыстағы алгоритмдермен қарастырылмаған, себебі мұндай дүмпулер қауіпті емес деп саналады және тұрғындарды жаппай жедел хабардар ету қажеттілігі жоқ», — делінген хабарламада.
ҚР ТЖМ-ның хабарлауынша, бұл шектеулер жүйенің тек шынайы қауіпке байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылуын және халық арасында артық мазасыздық немесе дүрбелең туғызбауын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР ТЖМ Қонаев маңында жер сілкінісі болды деген ақпаратты жоққа шығарған еді.


