NoFake

Алматыда оқушылар терроризм актісі туралы жалған хабар таратқан

5ea9bdcd ca33 4082 8c25 2af145e6104a

Фото: Gov.kz

Алматы қаласында полиция қызметкерлері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегін анықтады, деп хабарлайды nofake.kz/.

Алдын ала мәліметке сәйкес, №10 орта мектепте оқитын үш жасөспірім бұзақылық ниетпен оқу процесін бұзу мақсатында білім беру мекемесіне жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан.

«Тексеру нәтижесінде хабарлама расталмай, қауіптің жалған екені белгілі болды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында жасөспірімдердің әрекетті саналы түрде жасағаны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері — ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаевтың айтуынша, терроризм актісі немесе «минирлеу» туралы кез келген жалған хабар — құқық бұзушылық болып саналады.

«Мұндай хабарламалар кезінде жедел қызметтер жұмылдырылады, сабақтар тоқтатылады, білім беру ұйымдарының қалыпты жұмысы бұзылады. Сондықтан ата-аналарды балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз. Бұл — ешқандай да әзіл емес», — деді ол.

Полиция ата-аналарға балалардың интернетте қалай және қайда уақыт өткізетінін бақылауға, қандай чаттар мен онлайн ойындарға қатысатынын қадағалауға, жалған хабарламалар мен арандатушылық әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге, сондай-ақ жасөспірімдер арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға кеңес берді.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар аясында жалғасуда.

Оқу үшін