NoFake

Алматыда фейк сақтандыру қызметі атын жамылған алаяқтық әшкереленді

Фото: gov.kz

Алматыда азаматтарды «жинақтаушы сақтандыруға инвестиция салу» деген желеумен алдап, жүздеген адамнан жүздеген миллион теңге жинаған жалған қаржы схемасы әшкереленді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

«2013–2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атауымен ұсынылған «Өмірді сақтандыру» жобасы арқылы азаматтардың қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған. Ол азаматтарды өзіне бағынысты заңды тұлғалардың — «Evroasia Global Investment» АҚ және «Evropa Investment» ЖШС есепшоттарына ақша аударуға үгіттеп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табыс түсетініне кепілдік берген. Жобаның сенімділігін арттыру үшін күдікті іс жүзінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарына сілтеме жасап, азаматтарға жалған ақпарат ұсынған»,-деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Агенттіктің мәліметінше, қаражаттар қолма-қолсыз аударымдар арқылы қабылданып, салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген әсер қалдыру мақсатында жалған құжаттар берілген.

«Нәтижесінде 270 жәбірленушіге 620 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Алынған ақша күдікті тарапынан жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалған. Қазіргі уақытта аталған мүлікке билік етуге шектеу қойылды»,- деді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған, іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Оқу үшін