NoFake

Алматыда БАКАД жолақысы екі есе қымбаттағаны рас па

16 тамыздан бастап Алматыдағы БАКАД-та жол жүру тарифіне қатысты жаңа ереже күшіне енді. Әлеуметтік желіде жол ақысы екі есе қымбаттады деген ақпарат тарады. NoFake.kz тілшісі аталған мәселені Көлік министрлігінен сұрады.

Бұл мәселеге қатысты Концессиялық жобалар және норма шығару басқармасының басшысы Жандос Игенбаев жауап беріп, жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Маманның айтуынша, қоғамда тараған «тариф екі есе өсті» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл – уақытында төлем жасамағандарға қолданылатын шара екенін айтады маман.

«Бұл бұйрық 16 тамыз күні заңды күшіне енді. Бұл тарифті екі есе көтеру емес. Жүргізушілерге төлем жасау үшін жеті күн уақыт беріледі. Жеті күн ішінде төлемеген адамдарға бұл айыппұл ретінде қарастырылған. Оған дейін біздің адал жүргізушілер қанша төледі, сол бағаны төлеп отырады», —  дейді Жандос Игенбаев.

Сондай-ақ, спикер бұл өзгерістің негізгі мақсаты төлемнен жалтарып жүргендерді тәртіпке шақыру екенін қадап айтты.

«Жеті күн ішінде төлейтін жүргізушілерге екі есе тариф қолданылмайды. Бұл тек жеті күннен асқан жүргізушілерге ғана қатысты. Бұл – төлемей, қашып жүрген, қарызы бар жүргізушілерге арналған тариф. Бұл шара жүргізушілерді тәртіпке келтіру мақсатында жасалып отыр», — деді ол.

Алматыдағы кептелістің арту қаупіне қатысты Жандос Игенбаев қала тұрғындарын алаңдамауға шақырды.

«Енді кептеліс мәселесіне келетін болсақ, кептеліс болмайды. Бұл – айналма жол. Ол ең алдымен Хоргос, Бішкек бағыттары бойынша жол жүретін жүргізушілерге арналған», — деп нақтылады басқарма басшысы.

Осылайша, БАКАД жолымен қатынайтын жауапты жүргізушілер үшін жол жүру құны өзгеріссіз қалады, басты талап – төлемді бір апта ішінде жасап үлгеру.

Оқу үшін