NoFake

Алматы облысында екінші АЭС салынады

Фото; Depositphotos

Алматы облысында екі АЭС салу жоспарланып отыр, тағы біреуі Батыс Қазақстанда пайда болуы мүмкін. Бұл туралы мәжіліс брифингінде Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Сәтқалиевтің айтуынша, атом саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында атом электр станциясын салуға арналған екінші перспективті алаң – Алматы облысының Жамбыл ауданы болып белгіленді.

«Яғни екінші станция да еліміздің оңтүстігінде салынады. Себебі оңтүстік өңірде электр энергиясы тапшылығы бар екенін білесіздер. Қазір ол жаққа энергия Солтүстік–Оңтүстік желісі арқылы жеткізіледі. Бұл шешім аймақтағы энергиямен қамтамасыз ету тұрақтылығын арттырады. Біз барлық қатысушылармен, яғни байқауға қатысушылардың бәрімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қытай Халық Республикасы пайдасына түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз әрқашан бұл компанияны басым бағыт ретінде қарастыратынымызды айтқанбыз. Дегенмен әзірге соңғы шешім жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар, агенттік басшысы еліміздің батысында да атом станциясын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.

«Батыс Қазақстан, Каспий жағалауы – әзірге нақты орын белгіленген жоқ, бірақ шағын және орта қуатты реакторлары бар атом станциясын орналастыруға әлеуетті аймақ ретінде қарастырылып отыр. Тиісті зерттеу жақын уақытта жүргізіледі», – деді Сәтқалиев.

Оқу үшін