NoFake

Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Бабақұмаров кісі қолынан қаза тапты — Полиция

Орталық коммуникациялар алаңының баспасөз қызметі

Астана қаласы Полиция департаменті Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың кісі қолынан қаза тапқанын растады, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Қазіргі таңда «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала деректерге сай, бұрыннан таныс екі адам арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Соның кесірінен 56 жастағы Ержан Бабақұмаров ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», — деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ержан Бабақұмаров 1969 жылдың 2 наурызында Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеді.

Ол әр жылдары мемлекет құрылымдарында жетекші лауазымдар атқарған. Атап айтқанда, Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде және ақпараттық-талдау орталығында еңбек етті. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы, кейін вице-министр болды. Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің талдау және болжау орталығын басқарған.

2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

Оқу үшін