NoFake

«Алматы-2» вокзалында газдан 52 адам уланды: ресми органдар не дейді

Close up oximeter patient hospital ward bed medical facility old man waiting results

Фото: freepik.com

БАҚ-та «Алматы-2» вокзалында газдан 52 адамның уланғаны туралы ақпарат жарияланып жатыр. Ресми деректердің мәліметінше, оқиға орнына 13 жедел жәрдем көлігі жеткен, деп хабарлайды nofake.kz/. 

Аталған оқиғаға қатысты Алматы қаласының денсаулық басқармасы ресми мәлімдеме жасады.

«Барлық зардап шеккендер тексеру мен қажетті медициналық көмек көрсету үшін стационарлардың қабылдау бөлімшелеріне жеткізілді. Оның нәтижесі бойынша 10 бала ауруханаға жатқызылды, олардың екеуі реанимация бөлімінде, қалғандары профильдік бөлімшелерде», — делінген хабарламады. 

«Қазақстан темір жолы» АҚ компаниясы да оқиға жөнінде түсініктеме берді.

«Алматы-2 теміржол вокзалында тіркелген көміртек тотығымен улану фактісі туралы тараған ақпаратқа байланысты келесіні хабарлаймыз. Аталған оқиғаға Ұлттық тасымалдаушының қатысы жоқ. Улану жағдайы анықталған пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қарауында емес. Бұл құрам жеке меншік тасымалдаушыға тиесілі. Вагондар киностудияға түсірілім өткізудің мақсатында берілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын тиісті органдар анықтап жатыр», — деді компания өкілдері.

 

ІІМ Көлік полициясы департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

 

«Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясындағы желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», — делінген хабарламада.

 

 

Оқу үшін