NoFake

Алимент өндіру жеңілдейді: Сенат екі хаттаманы мақұлдады

Фото: gov.kz

Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Сенат депутаты Евгений Больгерттің хабарлауынша, заңның басты мақсаты – конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумағында кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз ету.

«Конвенция ережелері енді тек сот шешімдеріне ғана емес, сондай-ақ сот бұйрықтарына да қолданылады. Сот бұйрығы – сот актісінің жеңілдетілген нысаны, ол алимент өндіріп алу кезінде де қолданылады, бұл кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын жедел қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ басқа уағдаласушы тараптардың аумағында шығарылған және мәжбүрлеп орындауға жататын шешімдер тізімі кеңейтіледі, оған сот бұйрықтарын енгізу арқылы толықтырылады», – деді сенатор.

Сенатор соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне шетелдік сот шешімдерін мақұлдау және орындау туралы 102 өтініш түскенін, оның 94-і қанағаттандырылып, 8-і бойынша бас тартылғанын атап өтті. Ал осы кезеңде сыртқа жолданған өтініштер саны 169 болса, оның 153-і қанағаттандырылып, 16-сы кері қайтарылған.

«2025 жылы Өзбекстан Республикасынан 11 өтініш және Әзербайжан Республикасынан 1 өтініш түсті. Барлық материалдар мақұлдау және кейіннен орындау мәселелерін қарау үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына жіберілді. Хаттаманы ратификациялау трансшекаралық жағдайларда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық олқылықтарды жояды және алимент өндіріп алу тиімділігін арттырады», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, алимент төлемегені үшін 818 адамға іздеу жарияланcа, олардың 743-і — ер адамдар болып шыққан. Ал, алимент күтіп отырғандардың басым бөлігі — 21 мен 49 жас аралығындағы әйелдер екені анықталды. Одан бөлек, 2024 жылы 717 әйел балаларын асырау жөніндегі міндеттерін орындамаған әкелерге қатысты арыз бергені белгілі болды.

Оқу үшін