NoFake

Әлем тарихындағы ең танымал бес фейк

Depositphotos 478833160 L

Фото: Depositphotos

Фейк ақпарат әлеуметтік желілер пайда болған соң күрт көбейгенімен, оның өзі адамзатпен бірге жасап келе жатқан ескі құралдың бірі. Қай кезеңде пайда болғанын нақты айту қиын, дегенмен ежелгі мемлекеттердің өз қарсыластарын әлсірету үшін түрлі қауесет таратуы – соның айғағы. nofake.kz/ әлем тарихындағы ең танымал бес фейкті оқырман назарына ұсынады.

«Қара оба» фейкі

Дизайн без названия (2)

Бельгия Корольдік кітапханасынан табылған XIV ғасырдағы “Representation of a massacre of the Jews in 1349 — Antiquitates Flandriae” қолжазбасында «қара обаға» қатысты фейктің қалай таралғаны жазылған. 1347–1351 жылдары Еуропаны жайлаған індеттен 25–50 млн адам қаза тапқан кезде «еврейлер құдықтарға у тастап жатыр» деген қауесет тарап, жазықсыз адамдар қудаланып, дарға асылған. Қолжазбада бұл айыптаулардың шындыққа жанаспайтыны көрсетілген. Індеттің таралуына жерасты суының ластануы емес, ортағасырлық гигиенаның төмендігі мен егеуқұйрықтардағы бүргенің көптігі себеп болған.

«Айдағы тіршілік» фейкі (1835)

C5a5ef8c 9b44 463b a1f2 2a71707e7a94
Фото: blogs.loc.gov

1835 жылы америкалық The Sun газеті «The Great Moon Hoax” деп аталатын алты мақалалық серия жариялады. Онда ағылшын астрономы Джон Гершель телескоп арқылы Айда қанатты адамдарды, бір шоқты мүйізді жылқыларды және өзге де фантастикалық жаратылыстарды көргені жазылған.

Оқырман бұл «жаңалықты» шынайы деп қабылдап, газеттің тиражы 5 мыңнан 20 мың данаға дейін өсті — сол уақыт үшін рекорд. Кейін бұл материалдардың бәрін журналист Ричард Адамс Локк ойдан құрастырған мистификация екені анықталды.

«Мәйіттерден сабын жасайтын фабрика» фейкі (1917–1918)

28aa4849 f4b4 4b09 acf3 8ba0a7ff7f4f

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде The Times және The Daily Mail газеттері немістер «мәйіт фабрикаларында» қаза тапқан солдаттардың денесін қайнатып, сабын жасайды деген ақпарат таратып, қоғамды дүрліктірді. 1925 жылы Ұлыбритания бұл мәліметтің ойдан шығарылғанын ресми мойындады. Ол — жауды жек көруді күшейтуге бағытталған пропагандалық әдіс болып шықты.

«Наираның куәгерлігі» (1990)

Дизайн без названия (3)

1990 жылы АҚШ Конгресіндегі тыңдауда 15 жастағы Наира есімді қыз ирактық солдаттар Кувейтте жаңа туған сәбилерді инкубатордан шығарып, жерге тастап өлтіргенін айтып, қоғамды қатты толқытты. Кейін оның сөзі — Кувейт билігі жалдаған америкалық Hill & Knowlton PR-агенттігінің қойылымы екені дәлелденді. Бұл оқиға халықаралық дезинформацияның классикалық мысалы ретінде тарихта қалды.

Эйфель мұнарасын бұзу туралы фейк (2005)

2005 жылы француз форумында «Париж билігі Эйфель мұнарасын апатты жағдайда болғандықтан бұзады» деген жалған пост тарады. Facebook пен Twitter әлі кең дамымағандықтан, ақпарат MySpace және форумдарда тез тарап кетті. Тіпті туристер билет агенттіктері мен полицияға хабарласып, «Эйфель мұнарасы жабыла ма?» деп сұрай бастаған. Қауесет күшейген соң Париж билігі ресми мәлімдеме жасап, мұнараның бұзылмайтынын хабарлады. Осыдан кейін ғана фейк тоқтады.

12bdfd91 5b4c 407d b8f2 f0628b6cf0c9

Тарихтағы бұл мысалдар фейктің жаңа құбылыс емес, керісінше ғасырлар бойы қоғамды адастырудың қуатты құралы болып келгенін көрсетеді. Уақыт өте технология өзгергенімен, фейктің таралу механизмі сол күйі сақталып отыр — эмоцияны тербетіп, сенсацияға сенуге итермелеу. Сондықтан бүгінгі цифрлық заманда ақпаратты тексеру, дереккөздің сенімділігіне көз жеткізу және сыни ойлау бұрынғыдан да маңызды. Фейктерден қорғанудың жалғыз жолы — саналы медиасауаттылық.

Оқу үшін