NoFake

Алаяқтықтың жаңа түрі – жалған скрининг: Астана тұрғындарына ескерту жасалды

Коллаж: nofake.kz/

Емханалар скринингке шақыру үшін ешқашан SMS-код сұрамайды. Бұл туралы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы nofake.kz/ сайтының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Соңғы уақытта белгісіз адамдар емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, «скринингке жазылуды растау үшін» SMS арқылы келген кодты сұрап жүргені анықталды.

«Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы азаматтарды скринингтік тексерулерге шақыру туралы жалған ақпаратқа байланысты алаяқтық оқиғаларының көбейгені жөнінде ескертеді. Бұзақылар медициналық ұйымдардың атынан қоңырау шалып, скринингке жазылуды растау үшін SMS арқылы келген кодты айтуын сұрайды. Мемлекеттік медициналық мекемелер жазылуды растау үшін ешқашан SMS-код сұрамайды», – делінген ресми жауапта.

Бұған дейін елордалық тұрғын үйлердің біріндегі WhatsApp чатта Юлия есімді келіншек анасына қатысты жағдайды жазған.

Оның айтуынша, анасына өзін емханадан медбике ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, скринингтен өтуге шақырған. Кейін ол «тіркеуді растау үшін SMS-код жібердік, соны айтып жіберіңіз» деп өтінген. Күдіктенген анасы қызына хабарласып, алаяқтардың арбауына түспей қалған.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау басқармасы шынайы медициналық ұйымдар қандай жағдайда SMS-код сұрайтынын түсіндірді. Ресми түсіндірмеге сәйкес, мұндай кодтар тек цифрлық сервистерге кіру немесе операцияларды растау кезінде қолданылады. Азаматтарға бұл кодтарды ешқашан үшінші тұлғаларға бермеу ескертілді. Ресми ведомство мұндай әрекеттердің медициналық ұйымдарға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп, азаматтарды бөгде адамдарға растау кодтарын бермеуге ескертті.

Оқу үшін