Алаяқтықтың жаңа түрі: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ескерту жасады

Фото: atameken.kz
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұрғындарға қаржылай көмек береміз деп уәде ететін алаяқтардың жаңа айласы туралы ескертті, деп хабарлайды nofake.kz/
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше соңғы үш ай ұйым атынан телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекет жиілеген.
«2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап кәсіпкерлерден алаяқтыққа қатысты шағымдар күрт көбейді. Сол себепті осындай өтініштерді жылдам өңдеу және келіп жатқан қоңыраулар санын бақылау үшін «Алаяқтар» атты ЛИДА жүйесі іске қосылды. Статистикаға қарағанда, 1 қыркүйек пен 12 қараша аралығында осы санат бойынша 60 қоңырау тіркелген», — деді палатаның баспасөз қызметі.
Алаяқтар Палата тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетіні, несие алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу немесе бизнестің табыстылығын арттыруға арналған құралдарды пайдалануға мүмкіндік бар деп адамдарды құрықтарына түсіріп отырған. Олар телефонға келген растау құпия сөзін сұрап, кейін ақша аударуды талап етеді.
Негізгі алаяқтық схемалары
Алаяқтар көбіне өзін «Атамекен» өкілдері ретінде таныстырып, төмендегілерді ұсынады: әлеуметтік төлемдер, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, карантин кезеңі үшін өтемақы, несиені мемлекет есебінен жабу, қайтарымсыз қаржылай көмек (1,5–1,8 млн теңгеге дейін).
Кейбір жағдайларда алаяқтар: адамның жеке деректерін айтып, сенімге кіруге тырысады; WhatsApp арқылы «төлем туралы» жалған хабарламалар жібереді; SMS-кодты сұрайды (Kaspi Bank, мемлекеттік қызметтер атынан); банк шоттарына немесе Kaspi, Қазпошта сервистеріне қол жеткізуге тырысады.
Кәсіпкерлер палатасына түскен шағымдардың көпшілігі:
Атырау, Алматы, Астана, Ақтөбе өңірлерінен; бір сценариймен өрбиді — «Атамекенненбіз, сізге көмек қарастырылды»; үлкен сомалар ұсынады (1 512 000 теңге, 1 800 000 теңге); Соңында міндетті түрде SMS-код немесе шотқа кіру рұқсатын сұрайды.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерге байланысты «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтардан сақ болуға шақырады және өздерінің ресми ақпарат көздерінде таратқан ақпараратқа ғана сенуге шақырады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда немесе ақпаратқа қатысты күмән болғанда ұлттық палатаның 1432 Call-орталығына хабарласуға болады. Айта кетейік, Қазақстанның барлық өңірінде бұл нөмірге ұялы және стационарлық телефондардан қоңырау шалу тегін.


