NoFake

Алаяқтардың құрығына түспеңіз: дипфейк пен жалған инвестиция жарнамалары қалай алдайды?

Фото: pixabay.com

Соңғы уақытта YouTube және басқа да әлеуметтік желілерде қаржылық алаяқтық жарнамалары жиілеп кетті. Алаяқтардың жаңа толқыны дипфейк технологиясын және Қазақстанның ресми тұлғалары мен ірі ұлттық компаниялардың атын пайдалану арқылы қазақстандықтарды алдаудың жаңа тәсілдерін меңгерген. Аталған мәселеге қатысты ҚР Ұлттық Банкі де дабыл қақты.

nofake.kz/  тілшісі осы мәселеге қатысты бейнематериалдарға талдау жүргізіп, алаяқтардың негізгі тәсілдерін анықтады.

Ғаламтор алаяқтарының негізгі нысанасына іліккен танымал тұлғалардың бірі – Kazatomprom компаниясының экс-басшысы Мұхтар Жәкішев.

Алаяқтар Мұхтар Жәкішевтің сұхбаттарындағы сөздерді өзгертіп, оның атынан қазақстандықтардың минералды ресурстардан сыйақы ала алатындығы, тіпті миллиондап табыс таба алатындығы туралы айтқан сұқбатының үзіндісін YouTube-та таргет жарнамасы ретінде орналастырған. Жарнамада айтылған деректер ресми мәлімдемелерде немесе Энергетика министрлігінің сайтында табылмады. Бұл – алаяқтардың дипфейкті пайдаланып, танымал тұлғаның беделін өз мүдделеріне пайдалануының айқын мысалы.

Алаяқтар жиі пайдаланатын танымал тұлғалардың бірі кәсіпкер — Марғұлан Сейсембай. Оның бейнесін таргет жарнамасына пайдаланушалар сілтемеге өтіп жеке мәліметтерді толтырса, криптовалютамен айналысатын компаниялардан ақша беретінін айтады. Өтінім жіберу кезінде келісімшартты Украин тілінде жазған.  Мақсаттары инвестициялық жобадан табыс табу. Алайда ол жобалар жайлы нақты мәлімет кәсіпкердің ресми парақшасында жоқ.

Интернет алаяқтары таргет жарнамасы арқылы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың да бейнесін пайдаланған. Ол депутаттыққа дейін көпшілікке тележүргізуші және «Декретке миллионмен» курсы арқылы кеңінен танылған. Видеода Мұқаев инвестиция арқылы табысты еселеуді, үйлі, көлікті болуды және Kazatomprom арқылы шағын инвестиция жасау мүмкіндігін ұсынатынын айтады. Мұқаевтың өзі парақшасында аталған видеомен бөлісіп, алаяқтарға сенбеуге шақырды.

Осындай тағы бір оқиға ресейлік дипломат Мария Захароваға қатысты туындады.

Онда Захарова Президент Тоқаевты Зеленскиймен ағылшынша сөйлесті деп айыптайды. Кейіннен Ресей СІМ Қазақстан желілерінде тараған видеоны жалған деп мәлімдеді.

Танымал адамдарды пайдаланудың психологиялық себебі

Алаяқтардың жарнамасына танымал тұлғаларды пайдаланудың психологиялық себептері қандай деген сауалды психолог, гештальт-терапевт Марал Жұмагелдіге қойдық.

«Танымал тұлғаларды пайдаланудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, белгілі адамдар арқылы сенім сатады. Адамдар өздері қызығатын танымал тұлғаларға сенеді. Алаяқтар бұл сенімді өз тауарларына айналдырып, қарсылықсыз қабылдауға мәжбүрлейді. Екінші — әлеуметтік механизм. Танымал адамда бар дүние-мүлікке қол жеткізуді қалау. Бұл сыни ойлаудың қосылмауына және өз бетінше таңдау жасай алмауға әкеледі. Үшінші — маңызды болып көріну. Өзіне ұнайтын адамның өміріндегі нәрселерге қол жеткізу арқылы ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыруға ұмтылу», — деді психолог.

Марал Жұмагелді назар аудартқан ең маңызды фактор – алаяқтардан зардап шеккен адамның сана деңгейінің өз жасына сай өспей қалуы.

«Мұны гештальт терапиясында «қорғану механизмі» деп атайды. Мұндай адамдардың физикалық өскенімен, сана деңгейі 0-18 жас аралығындағыдай қалып қояды (қай жаста травма алса, сол деңгейде). Олар сырттағы адамның сезімдерімен бірігіп кетеді. Алаяқтардан қорғану үшін өзіңіздің ішкі қажеттіліктеріңізді және психологиялық күйіңізді үнемі бақылап отырыңыз. Өйткені, тез және оңай ақшаға деген ішкі әлсіздік – алаяқтардың сіздің санаңыздағы «ашық есігі» болып табылады», — деп түйіндеді психолог маман.

Жыл басынан елімізде интернет алаяқтық бойынша 13 800 факт тіркелген.

Оқу үшін