Алаяқтардан сақ болыңыз: ІІМ астаналықтарға жаңа ескерту енгізді

Фото: Gov.kz
Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жаңа ескерту тетігі іске қосылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Министрлік хабарлауынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордада интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық шаралар күшейтіліп отыр. Осы мақсатта «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, 160 және 165 нөмірлері арқылы жұмыс істейтін call-орталықтарға қоңырау түскен кезде интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы аудиоескерту автоматты түрде қосылады.
«Аудиоескерту азаматтарға алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы алдын ала хабарлап, сақтық шараларын еске салу үшін енгізілді. Бұл – интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған қосымша құрал», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар көбіне азаматтарды алдау үшін өзін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мемлекеттік орган маманы ретінде таныстырады. Осыған байланысты министрлік тұрғындарды SMS-кодтарды бөгде адамдарға хабарламауға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге, сондай-ақ ақшаны «қауіпсіз» немесе «сақтандыру» шоттарына аудармауға шақырады. Ведомствоның атап өтуінше, мұндай шоттар шын мәнінде жоқ.
Егер интернет-алаяқтық белгілеріне тап болсаңыз немесе күмәнді қоңырау алсаңыз, 102 нөмірі арқылы полицияға дереу хабарласу қажет.


