Алаяқтар рәсімдеген несиені кім өтейді

Depositphotos
Соңғы уақытта қазақстандықтар арасында атына өздері қатыспай-ақ несие рәсімделіп, қарызға қалғандар көбейді. Бұл сұрақ қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Заңгер Ғабдул-Ғани Абутәліп nofake.kz/-ке осындай жағдайда азамат не істеуі керек екенін түсіндірді.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Threads желісінің қолданушысы өз атына Kaspi Bank арқылы несие рәсімделіп кеткенін жазған. Оның айтуынша, банк бұл мәселені шешпеген, ал қарызы күн сайын өсіп отыр.

«Банк алаяқтық жасалған соң қарызды тоқтатуға міндетті. Бірақ менің ісімде заң орындалмады», — деп жазады азамат.
Заңгердің түсіндірмесі
Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда ең алдымен банкке ресми өтініш жазу қажет.
«Өтініште – несие алынған уақыт пен соманы көрсету, өзіңіз ол несиені алмағаныңызды нақты жазу және бар дәлелдерді (хат-хабар, аудио, скриншот) қоса тіркеу керек. Егер банк мәселені шешпесе, азамат сотқа жүгініп, өзінің жеке басын сәйкестендіру процесі өз қатысуынсыз жүргізілгенін дәлелдеуі тиіс. Бұл — бейне немесе аудио жазба, ЭЦҚ (электронды қолтаңба) және өзге де деректер арқылы жүзеге асырылады», — деді маман.
Банктің жауапкершілігі
Заңгердің айтуынша, банк те қателік жіберуі мүмкін. Мысалы, клиенттің жеке басын сәйкестендіру кезінде қауіпсіздік талаптары бұзылған болса, онда бұл банк тарапынан заң бұзушылық болып саналады.
Мұндай жағдайда жәбірленуші:
Ұлттық банкке арыздана алады;
келтірілген материалдық және моральдық шығынды өндіріп алуға құқылы;
қажет болса, банктің лицензиясын қайтарып алу жөнінде талап қоюы мүмкін.
Ал егер несие өзіңіз алған болсаңыз?
Кейде азаматтар несиені өздері рәсімдеп, кейін оны алаяқтар алды деп көрсетуі де мүмкін.
Сондықтан әрбір жағдай жеке қаралады. Банк пен құқық қорғау органдары барлық деректі, құжат пен процесті мұқият тексеруі керек.
Егер атыңызға сіздің қатысуыңызсыз несие рәсімделсе:
Банкке ресми өтініш жазыңыз.
Құзырлы органдарға жүгініп, сәйкестендіру процесі қалай өткенін анықтаңыз.
Қажет болса, сот арқылы дәлелдеп, өз құқығыңызды қорғаңыз.
Осылайша кімнің кінәлі екені және қарызды кімнің өтеуге тиіс екені заңды түрде анықталады.


