ҚМА атын жамылып 15 млн теңге талап еткен: алаяқтық схемасы қандай

Фото: Depositphotos
Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) атын жамылып, медицина ұйымдарының басшыларыны қылмыстық жауапкершілікпен қорқытып, ақша талап етіп жүр. Агенттік осындай алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырды NoFake.kz.
«Кез келген ақша талап ету, қорқыту немесе жазадан құтқаруға уәде беру сияқты әрекеттер – заңсыз. Азаматтарды қаржы мониторингі органдарына шақыру тек қана сотқа дейінгі тергеулер шеңберінде ресми повесткелер арқылы жүзеге асырылады», – деп ескертті ҚМА.
Агенттік мәліметінше, алаяқтар елде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын жымқыруға қарсы жүргізіліп жатқан жұмысты өз мақсатына пайдаланған.
Осындай жағдай Түркістан облысында тіркелді. Екі күдікті өңірдегі медициналық ұйымдардың бірінің басшысына ҚМА қызметкерлері ретінде хабарласып, мекеме жұмысынан заңбұзушылықтар анықталғанын айтқан. Кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, жауапқа тартпау үшін 15 миллион теңге талап еткен.
Алаяқтар қалай ұсталды?
ҚМА мәліметінше, жәбірленуші күдіктілерге алдымен 5 миллион теңге берген. Алаяқтар қалған 10 миллион теңгені талап еткен кезде қолға түсті. 8 тамызда ҚМА-ның Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мен Агенттіктің меншікті қауіпсіздік департаменті бірлескен арнайы операция жүргізіп, күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады.
Сот санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Осындай жағдайға тап болған азаматтар ҚМА-ның 1458 Call-орталығына хабарласа алады.


