NoFake

Алаяқтар курьерлік жеткізу мен маусымдық жеңілдіктерді қалай пайдаланады

Фото: FinGramota.kz

Мереке қарсаңындағы ірі сатылымдар кезеңінде онлайн-сатып алу көбейеді. Осы қарбаласты пайдаланған алаяқтар жалған жеткізу қызметтері, фишингтік сайттар мен маркетплейс аккаунттарын бұзу арқылы азаматтардың ақшасын ұрлауға тырысады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мерекелер мен жаппай сатылымдар кезінде адамдар интернет арқылы жиі тапсырыс беріп, түрлі жеңілдіктерді пайдалануға тырысады. Осы кезеңде курьерлік қызметтермен байланыс та жиілейді. Алайда дәл осы уақытта алаяқтар да белсенді әрекет етеді. Олар сатып алушылардың асығыстығын, сенімін және жеткізуді күту жағдайын пайдаланып, банктік карталарға және жеке деректерге қол жеткізуге тырысады.

Fingramota.kz жобасына Алматы тұрғыны жүгініп, күрделі алаяқтық схеманың қалай жұмыс істейтінін айтып берген. Оның айтуынша, бастапқыда бәрі қарапайым жеткізу туралы қоңыраудан басталған.

«Сіздің сәлемдемеңіз келді»: жалған курьерлердің тәсілі

Алматылық қыз шетелдік интернет-дүкеннен тауарға тапсырыс беріп, жеткізілімді күтіп жүрген. Бір күні таңертең оған өзін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, сәлемдеменің келгенін хабарлаған. Жеткізуді растау үшін SMS-кодты айтуын сұраған.

Еш күмәнданбаған қыз кодты айтқаннан кейін оқиға күрт өзгерген. Бірнеше минуттан соң оған өзін банктің қауіпсіздік қызметкеріміз деп таныстырған адамдар хабарласып, оның атына кредит рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтқан. Олар «ақшаны қорғау үшін» жедел әрекет ету қажет екенін түсіндіріп, мессенджер арқылы жалған құжаттар – қызметтік куәліктер мен банк бланкілерін жіберген.

Кейін әңгіменің барысына өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған адамдар қосылған. Олар алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтып, қыздан «көмек көрсетуін» сұраған.

Бірнеше сағат бойы алаяқтар оны байланыста ұстап, түрлі қосымшаларды орнатуға және нұсқауларын орындауға көндірген. Осы уақыт ішінде оның атына бірнеше банкте кредит рәсімдеуге өтініш берілген. Жағдайды тек туыстарының араласуы тоқтатқан. Әйтпесе оқиға үлкен қаржылық шығынмен аяқталуы мүмкін еді.

Неге алаяқтар мереке алдында көбейеді?

Сарапшылардың айтуынша, мерекелік кезең алаяқтар үшін ең қолайлы уақыт. Бұл кезде адамдар жиі онлайн-сатып алу жасайды, сәлемдемелерді күтеді және жеңілдіктерді жіберіп алмау үшін асығыс шешім қабылдайды. Қаскүнемдер осы психологиялық факторларды пайдаланып, сенімді көрінетін сценарийлер ойлап табады.

Ең көп таралған алаяқтық схемалар

Инфографика: FinGramota.kz

1. Жалған сатылымдар мен «үлкен жеңілдіктер»
Мереке кезінде алаяқтар «80%-ға дейін жеңілдік», «соңғы күн», «соңғы тауарлар қалды» сияқты уәделермен жарнама таратады. Сілтеме арқылы өткен адам әйгілі брендтің сайтына ұқсас фишингтік парақшаға түседі. Сол жерде карта деректерін енгізгеннен кейін алаяқтар ақшаға қол жеткізе алады.

2. «Қате төлем» және жалған техникалық қолдау
Кейде алаяқтар әлеуметтік желілердегі пікірлер арқылы әрекет етеді. Пайдаланушы төлем мәселесі туралы жазған кезде өзін компанияның техникалық қолдауы ретінде таныстырған адам хабарласып, мәселені шешуді ұсынады. Бірақ ол арнайы сілтеме арқылы карта деректерін енгізуді сұрайды. Нәтижесінде карта деректері алаяқтардың қолына түседі.

3. «Сәтсіз жеткізу» туралы хабарлама
Азаматтарға «Сәлемдемеңіз жеткізілмеді, қайта жеткізу үшін шағын төлем жасаңыз» деген хабарлама келеді. Сілтеме арқылы өткен адам аз ғана соманы төлеу үшін карта деректерін енгізеді. Осы мәліметтер арқылы алаяқтар кейін үлкен сомаларды шешіп алуы мүмкін.

4. Маркетплейс аккаунттарын бұзу
Егер алаяқтар маркетплейс аккаунтына қол жеткізсе, сол аккаунтқа тіркелген картамен сауда жасай алады. Көбіне олар растау сұралмайтын шағын сомалармен бірнеше сатып алу жасайды.

5. Жеткізуді бақылауға арналған жалған қосымшалар
Кей жағдайда алаяқтар сәлемдемені бақылау үшін арнайы қосымша орнатуды ұсынады. Мұндай бағдарлама телефондағы SMS-кодтарды оқып, банк қосымшаларына қол жеткізуі мүмкін.

Құқық қорғау органдары азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеуге, SMS-кодтарды ешкімге айтпауға және тек ресми қосымшаларды ғана пайдалануға кеңес береді. Онлайн сатып алу кезінде сақтық таныту – қаржылық қауіпсіздіктің негізгі шарты.

Оқу үшін