NoFake

Алаяқтар балаларды қалай алдайды: мамандар түсіндірді

Little child greeting remote friend during online videocall meeting conference

Фото: freepik.com

ҚР ІІМ елімізде тек 2025 жылы 69 кәмелет жасына толмаған балалардың алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеді. nofake.kz/ олардың балаларды алдау схемасын зерттеді.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Әлібек Оразалы алаяқтар көп жағдайда қарттар, әйелдер мен балаларды тұзаққа оңай түсіретінін айтады. Естеріңізде болса, тек осы жылдың қаңтар айында мектептердегі жалған шабуыл туралы факт Шымкент, Алматы, Көкшетау қалаларында тіркелген еді. Осы орайда, жалған хабарлама таратушылар артында кім тұр, оларды алдау схемалары қандай деген заңды сауал туындайды. Тақырыпты зерттеп көрдік. 

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әлібек Оразалының айтуынша, Қазақстанда «swatting» — теракт пен жарылғыш зат туралы жалған ақпарат тарату әлі де кең тарап отыр. Өкініштісі, мұндайға кәмелет жасына толмаған балалар жиі барады. 

«Бұл Қылмыстық Кодекстің 273 бабы. Жалған ақпарат қалай орын алады? Мәселен, оны таратуға тапсырыс беріледі. Яғни, мектептегі жарылғыш зат туралы фактіде бірнеше адам жұмыс істеуі мүмкін. Мысалы, интернет желісінде бір-ақ адам отырады. Сөйтеді де, ол балалармен байланыс орнатады. Арасында: «Мен сіздердің мектептеріңізге жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат жібере аламын. Тек маған ақша, мысалы 10-15 АҚШ долларын жіберсеңіз, мен соны ұйымдастырып беремін» дейді. Оған чатта отырған мектеп оқушылары көнеді. Бұл арада олар неге мұндайға барады деп ойлайсыз? Себебі, оқушылар бақылау жұмысына қатыспау үшін немесе сабаққа дайын болмаса, бүгін сабақ болмаса екен деген ниетпен осындайға барады.  Сөйтіп ата-анасынан алған ақшаны алаяқтарға жібереді», — деді ол.

Ведомство өкілі ІІМ мұндай фактілер бойынша Тараз, Ақтөбе, Балқаш және т.б. қалаларда кәмелет жасына толмаған балалардың ұсталғандығын мәлімдеді. 

«Биыл Ресейде, солардың полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Грозный қаласында кәмелетке толмаған жас баланы ұстадық. Ол 2024 жылы біздің елге осындай 100-ден аса жалған ақпарат жібергені анықталды. Сонымен қатар, Якутияның құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп Астанадағы орта мектептің оқушысы ұсталды. Ол Якутияның мемлекетінің азаматтарына кемсіту бойынша жаман сөз айтып, Қазақстанда жалған ақпарат таратқан», — деді ол.

Қандай балалар алаяқтардың тұзағына жиі түседі? 

Психотерапевт Күлянда Төлендиева қандай жеткіншектер көп жағдайда алаяқтарға жиі сенетінін түсіндірді. 

«Психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, баланың алаяқтық әрекеттерге алданып қалуға бейімділігі оның жеке тұлғалық ерекшеліктері, ата-анасының тәрбиесі мен өзі өсіп жатқан эмоционалдық ортаға байланысты», — дейді маман.

Психотерапевт ішкі психологиялық ерекшеліктеріне байланысты, алаяқтарға алдануға бейім, яғни ең осал болып келетін балаларды бірнеше топқа бөлді. 

Бірінші топ. Бұл – «жақсы» болуға, ұнауға, ересек адамды немесе өзі үшін маңызды тұлғаның көңілін қалдырмауға тырысатын балалар. Олар алаяқтарға тез сеніп, шынайы қамқорлық пен манипуляцияның арасындағы шекараны анық ажырата алмайды. Алаяқтар мұны «мейірімді ересек», «құтқарушы» немесе «бәрін білетін адам» рөлін қабылдау арқылы, мәселені оңай пайдаланып кетеді. 

Екінші топ. Егер баланың «менікі – менікі емес», «болады – болмайды» деген ішкі шекаралары қалыптаспаған болса, ол жат адамды «жақыным» деп қабылдауы мүмкін. Мұндай балалар ешқандай қарсылықсыз жеке деректер, ақша, құпиясөздермен бөлісіп, бейтаныс адамдардың өтініштерін орындай салуы мүмкін.

Үшінші топ. Үнемі жазаға тартылудан немесе ұятқа қалудан қорқып өмір сүретін балалар, әсіресе қорқыту қолданылған жағдайда («сен жаман нәрсе істедің», «ата-анаң біліп қояды», «сені жазалайды») алаяқтардың талаптарына оңай көне салады. Яғни, қорқыныш сыни ойлауды тежейді.

Төртінші топ. Ата-ананың назары, мейірімі мен махаббатының жетіспеушілігін сезінетін балалар, әсіресе, өздеріне маңыздылық сезімін беретін схемаларға өте осал келеді: «сен ерекшеcің», «саған ғана сеніп тапсырылды», «сен маңыздысың». Мұндай балалар үшін алаяқпен байланыс эмоционалдық бос орынды уақытша толтыруы мүмкін.

Баланың осалдығы – ата-анамен ерте қалыптасқан қатынастың ерекшелігіне байланысты

Психологтың айтуынша балалардың алаяқтарға алданып қалуы – оның ата-анасымен ара қатынасына тікелей байланысты. 

«Бақылау, қатаң ережелер мен баланың өз бастамасын басып тастайтын отбасыларда балалар талдауды емес, бағынуды үйренеді. Бала алаяқтан күмәндануға өзіне іштей тыйым салса, ол өзіне сенімді әрі бұйыра сөйлейтін манипулятордың құрбанына айналады. Егер баланың орнына үнемі ойлап, шешім қабылдап, бақылау жүргізілсе, онда оның еркіндігі мен сыни ойлауы дамымайды. Мұндай бала «бәрін білетін адамның айтқаны — әрқашан дұрыс» дегенге үйреніп, бұл көзқарасты бөтен ересектерге немесе виртуалды тұлғаларға да көшіреді. Сондай-ақ, эмоциялық байланыс болмаған жағдайда бала оны сырттан, соның ішінде бейтаныс адамдардан іздеуі мүмкін. Алаяқтар жиі қамқорлық, жанашырлық пен «түсінемін» деген тіркестерді қолданады», — деп түсіндірді маман. 

Ата-ананың ішкі көңіл-күйі балаға да беріледі

Психолог балалар ата-ананың айтқан сөзі емес, оның ішкі ұстанымын бейсаналы түрде меңгеретінін жеткізді. Ол мазасыз, ішкі жан дүниесі арпалысқан жандар балаларына да осы көңіл-күйді беретінін атап өтті. 

«Бойында нарциссистік тұлғалық қасиеті бар ата-аналар баланың сезімдерін құнсыздандырып, одан өзі күтетін нәтижелерге сай болуды талап етеді, яғни оның осалдығын мойындамауы мүмкін. Мұндайда балалар әрине жеке басынан өтіп жатқан оқиғаларды жасырып, сырттан, тіпті алаяқтардан көмек сұрауды үйренеді. Демек, өз шекарасы жоқ ата-ана баланы жеке кеңістігін қорғауға үйретпейді, керісінше оны өзі манипуляциялайды. Жалпы, психоаналитикалық тұрғыдан алаяқтарға алданып қалатын бала — «аңғал» немесе «ақымақ» емес. Ол — ішкі тірегі әлі қалыптаспаған, ал сыртқы орта оған қауіпсіздік, сенім мен жеке ойлау тәжірибесін бере алмаған бала», — деді маман.

ІІМ балаларды кибер кеңістікте қорғау өте күрделі екенін еске салады. Бұл мақсатта елімізде бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Десе де, үйдегі жеткіншектердің әлеуметтік желідегі өмірін бақылап, олармен ашық, жиі әңгімелесуді дағдыға айналдырған жөн. 

Оқу үшін