NoFake

Алатау қаласы қалай жұмыс істейді: Бозымбаев түсіндірді

Фото: gov.kz

Бүгін Үкіметте ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында Премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласының алдағы уақытта қалай жұмыс істейтіні және оған арнаулы мәртебе беру мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірлеген еді. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау.

Алатау қаласын басқару жүйесін бекітуде қай елдің тәжірибелері зерттелді?

Бозымбаевтың айтуынша, жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын жылдамдату үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимін конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген.

«Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді. Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылды. Сарапшылар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеді», — деді ол.

Бұл ретте Үкімет басшысының орынбасары Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Корея), сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Қанат Бозымбаев негізгі рөлді тиімді институционалдық орта атқаратынын жеткізді.

«Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі – бұл өңірлерде жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режимдерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдауды басқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды», — деді ол.

Премьер орынбасары аталған тәжірибелерді ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимін бекіту ұсынылып отырғанын мәлімдеді.

«Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл әсіресе Қазақстанда әлі толық енгізілмеген жаңа салалар үшін маңызды. Мысалы, «төмен биіктіктегі экономика» бағытында 
3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану сияқты жаңа мүмкіндіктер қарастырылады», — деді ол.

Алатау қаласы инвесторларды тарта ала ма: Бозымбаев жауабы

Қос палатаның бірлескен отырысында Қанат Бозымбаев қаланың инветорларға тартымдылығы мәселесіне де тоқталды. Ол көптеген елдерде инвесторлардың келмеу қаупі салдарынан, сәтсіз жобалар болғанын атап өтті.

«Заң жобасын дайындау кезінде осы тәжірибелер мен қорытындыларды толық ескеру өте маңызды. Өйткені Алатау құрылғаннан бастап қаланың әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жоғары болып жатыр. Қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын алғашқы 44 инвестициялық жоба қалыптастырылып және 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Премьер орынбасары бұл қаланың ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайтынын атап өтті.

«Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy, Khan Tengri Biopharma және екі индустриялық-логистикалық хабтары, сондай-ақ ASP Аrena, К-Park сияқты туристік жобалар кіреді. Сонымен бірге заманауи Iconic Complex көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореялық жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттар енгізу бойынша стратегиялық жобалары іске асырылатын болады», — деді ол.

Сонымен бірге Үкімет басшысының орынбасары қаланы инфрақұрылыммен қамтуды кезең-кезеңімен іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілетінін атап өтті. Ол алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 
2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жететінін мәлімдеді.

Оқу үшін