Аймағамбетов оқушыларға үзілісте смартфон ұстауға тыйым салу бастамасын түсіндірді

Фото: freepik.com
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін Мәжіліс кулуарында оқушыларға үзіліс уақытында смартфон ұстауға тыйым салу бастамасы жайлы пікір білдірді.
Мәжіліс депутатының сөзінше мектепте смартфон ұстауға шектеу қою қызметін енді ҚР Оқу-ағарту министрлігіне беру жоспарланып отыр.
«Ұялы телефондарды қолдануды шектеу, тыйым салу қызметін мектеп деңгейінен оқу-ағарту министрлігі деңгейіне беруді ұсындық. Тек сол жағдайға нақты, орталықтандырылған шешім қабылдауға болады. Себебі көптеген мектеп директорлары «біз қуана-қуана бұл шешімді қабылдайтын едік, өйткені өзіміз де шаршадық, бірақ оған қатысты көптеген факторлар бар» деп айтады. Оның ішінде ата-аналардың қарсылығы бар. Сондықтан біз осы норманы ұсындық», — деді депутат.
Сонымен бірге Асхат Аймағамбетов үзілісте оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салынса, олардың түстену үшін, смартфонсыз ақшаны қалай төлейтініне тоқталып өтті.
«Мен ата-ана ретінде оны да түсінемін. Себебі оқушыда смартфон болмаса, ол төлем жасай алмайды. Сол себепті мен мектептерге пост-терминалдар қою туралы да бастама көтергенмін. Себебі кейбір асханадарда расымен тек QR кодпен төлем жасау ғана қарастырылған. Сондықтан бұл мәселені пост терминалдар қою арқылы, кешенді түрде шешуге болады деп ойлаймын», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутаттар мектептерде үзіліс кезінде оқушыларға смартфон қолдануға тыйым салу туралы ұсыныс жасаған еді.


