NoFake

«Әскерден босатамыз» деген фейк жарнама: министрлік ескертті

Фото: gov.kz

Әлеуметтік желілерде «әскерден қалдыру» немесе «ақ билет алып беру» қызметіне қатысты жарнамалар тарады. Қорғаныс министрлігі мұның заңсыз екенін ескертіп, азаматтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Министрлік мәліметінше, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы арқылы қабылданады.

«Әлеуметтік желілерде азаматтарды жаңылыстыратын “әскерден қалдыру”, “ақ билет алып беру” қызметтері туралы жарнамалар жиілеп кетті. Алайда мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім тек шақыру комиссиясы тарапынан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады. Бұл мәселеде қандай да бір делдалдарға немесе күмәнді тұлғаларға сенуге болмайды», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі.

Ведомство әскери қызмет мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру заңды екенін атап өтті. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноз рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

«Медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноз рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың заңсыз жолдары қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Азаматтарды “мәселені шешіп береміз” деп сендіріп, жергілікті әскери басқару органдары немесе медициналық комиссиялар арқылы заңсыз жолмен қызметтен босатуға уәде беретін тұлғалардың әрекеті – алаяқтыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан күмәнді ұсыныстардан бас тартып, тек заңды тетіктерді пайдалануға шақырамыз», – делінген министрліктің хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Шақыруды ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты, ал шақырылушылардың тізімін қалыптастыру және шақыру қағаздарын табыстауды жергілікті әскери басқару органдары қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтеді.

Оқу үшін