NoFake

АЕК, Cалық реформасы, айыппұлдар: 2026 жылы әр салада не өзгереді

Money 256312

Фото: pixabay.com

2026 жылдан бастап елімізде АЕК өсуіне байланысты айыппұл өседі. Сондай-ақ жылдың басты жаңалығы — Салық реформасы күшіне енеді. nofake.kz/ келер жылы тұрғындарды не күтіп тұрғанын тарқатады.

АЕК өседі – төлемдер артады 

2026 жылы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгеге дейін өседі. Биыл ол 3 932 теңгені құрады, сәйкесінше келер жылы бұл көрсеткіш 393 теңгеге артады. Демек, АЕК-тің өсуіне байланысты айыппұл, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және осы көрсеткішке байланысты басқа да төлемдер көлемі ұлғаяды.

АЕК-пен бірге әлеуметтік стандарттар да жаңарады:

Ең төменгі зейнетақы — 69 049 теңге

Базалық зейнетақы — 35 596 теңге

Күнкөріс минимумы — 50 851 теңге

Зейнетақы мөлшері артқанымен, ел тұрғындарының ең төменгі жалақысы бұрынғы мөлшерде, яғни 85 000 теңге көлемінде қалады. 

Айыппұл қалай өседі?

Осы орайда назарлараңызға ел арасында кең таралған айыппұл түрлерінің қаншаға қымбаттайтынын ұсынамыз:  Жылдамдықты 10-20 км/сағ-қа арттырғаны үшін айыппұл 5 АЕК, яғни 21 625 теңгені құрайды. Тиісінше, 20-40 км/сағ-қа асырса — 10 АЕК, 43 250 теңге. Ал 40 км/сағ-тан артық жылдамдық асырғаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салынады. 

Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін айыппұл 5 АЕК немесе 21 625 теңгені құрайды. 

Жол белгілері мен жол таңбаларын сақтамағаны үшін — 3 АЕК, яғни 12 975 теңге айыппұл төлейді. 

Полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы талабын орындамау — 40 АЕК, яғни 173 000 теңге; қайталап бұзған жағдайда жүргізуші куәлігінен айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін; ал жүргізу құқығынан айырылған адамдар үшін айыппұл 60 АЕК, немесе 259 500 теңге төлейді.

Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру — 5 АЕК, 21 625 теңге; ең жоғары айыппұл — 10 АЕК, яғни 43 250 теңге.

Қоғамдық орындарды, саябақтар мен скверлерді ластағаны үшін ең төменгі айыппұл — 10 АЕК, немесе 43 250 теңге. Қайталанған жағдайда — 20 АЕК, яғни 86 500 теңге.

Ескі автокөліктерге салынатын көлік салығын төмендейді. Мәселен, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктер үшін салық мөлшерлемелері төмендетіледі. Жеңіл автокөліктер бойынша салықты есептеу кезінде пайдалану мерзімі 10 жылдан асса — 0,7 түзету коэффициенті, ал 20 жылдан асқан жағдайда — 0,5 коэффициенті қолданылады. Бұрын көлік салығы қозғалтқыш көлеміне байланысты есептеліп, автокөліктің жасы ескерілмеген еді. Енді ескі автокөлік иелері үшін көлік салығын төлеу арзанырақ болады.

Салық реформасы – жылдың басты жаңалығы. Келер жылдың басты жаңалығы – жаңа Салық кодексі. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан  бастап күшіне енеді. Оның аясында не өзгереді, төменде түсіндіреміз. 

ҚҚС-тың көтерілуі

Не өзгерді: 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесі 16 пайызды құрайды.

Бұрын қалай болды: 2009 жылдан бері ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз деңгейінде қолданылып келді.

Бұл нені білдіреді: ҚҚС тауарлар мен қызметтердің басым көпшілігінің бағасына кіреді. Сондықтан оның мөлшерлемесінің өсуі, ең алдымен, бөлшек сауда мен қызмет көрсету салаларындағы бағаларға әсер етуі мүмкін. 

Дәрі-дәрмек пен медицина саласындағы ҚҚС төмендейді

Не өзгерді: Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлемелер енгізіледі:
2026 жылы — 5 пайыз,
2027 жылы — 10 пайыз.

Сонымен қатар қосылған құн салығынан мынадай қызметтер мен операциялар босатылады: дәрілік заттарды өткізу және импорттау, ТМККК және МӘМС аясында медициналық қызмет көрсету, ҚР Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу.

Бұрын қалай болды: Барлық тауарлар мен қызметтерге ортақ ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрады. Сонымен бірге бекітілген тізбеге енгізілген дәрілік заттарды өткізу және медициналық көмек көрсету айналымы ҚҚС-нан босатылған еді.

Бұл нені білдіреді: Медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің бағасы басқа тауарлармен салыстырғанда төмен мөлшерде қымбаттауы мүмкін.

ҚҚС бойынша тіркеу шегінің төмендеуі

Не өзгерді: Енді кәсіпкерлер айналымы 10 000 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 40 млн теңге) жеткен кезде қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.

Бұрын қалай болды: ҚҚС бойынша тіркеу шегі 20 000 АЕК (шамамен 78,6 млн теңге) болатын.

Бұл нені білдіреді: Көптеген шағын кәсіпкерлер енді ҚҚС төлеуге міндеттеледі. Бұл бағаның өсуіне және жеке кәсіпкерлерге түсетін қосымша жүктемеге әкелуі мүмкін. Дегенмен арнайы салық режимдеріне өткен кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.

Зейнетақы салықтан босайды

Не өзгерді: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдеріне де ЖТС салынбайды.

Бұрын қалай болды: Біржолғы зейнетақы төлемдерінен 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталып келген. Енді зейнеткерлер зейнетақы төлемдерін ешқандай салық ұсталымынсыз, толық көлемде алады.

Жеңілдетілген салық режимі енгізіледі 

Не өзгерді: Біріккен жер салығы жойылды. Енді оны арнайы салық режимдерін қолданатын ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлік шаруашылықтар жеке табыс салығы (ЖТС) ретінде төлейді. Кейбір қызмет түрлерімен айналысу үшін лицензия қолдану ақысы алынбайды; салық есептілігінің формалары 30 пайызға қысқарды. Енді тек үш арнайы салық режимі қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация бойынша және фермерлер үшін.

Бұрын қалай болды: Жеті арнайы салық режимі қолданылатын. Енді салық жүйесі қарапайым әрі түсінікті болады. Бұл әсіресе шағын бизнес пен ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін маңызды.

Корпоративтік салықтың түрлі мөлшерлемелері

Не өзгерді: Жалпы мөлшерлеме — 20 пайыз.

Банктер мен ойын бизнесі — 25 пайыз.

Әлеуметтік сала ұйымдары — 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер — 3 пайыз.

Бұрын қалай болды: Барлық бизнес үшін 20 пайыз, ал ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін 10 пайыз.

Бұл нені білдіреді: Жоғары пайда табатын кәсіпорындар (банктер, казинолар) cалықты көп төлейді.

Прогрессивті жеке табыс салығы

Не өзгерді: Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (шамамен 34 миллион теңге) асатын азаматтар 15 пайыз мөлшерлемесі бойынша салық төлейді. Дивидендтер және кәсіпкерлердің жалпы тәртіп бойынша табыстары 230 000 АЕК-тен асса — 15 пайыз (230 000 АЕК-ке дейінгі дивидендтерге 5 пайыз мөлшерлеме қолданылады).

Ауыл шаруашылығы кооперативтері немесе фермерлік шаруашылықтар өз өндірген және өңдеген ауыл шаруашылық өнімдерінің табысынан ЖТС сомасын 70 пайызға дейін азайтуға құқылы.

Бұрын қалай болды: Барлық табысқа 10 пайыз мөлшерлемесі қолданылатын.

Бұл нені білдіреді: Қарапайым азаматтар үшін өзгеріс сезілмейді, ал жоғары табыс табатындар көбірек салық төлейді.

Байлық салығы

Не өзгерді: Төмендегі тауарларға қосымша — 10 пайыз акциз енгізіледі:

Бағасы 75 миллион теңгеден жоғары автокөліктер (жеңіл автокөліктер үшін 18 000 АЕК-тен асатындар).

Яхталар — 100 миллион теңгеден бастап (кеме және әуе көліктері үшін 24 000 АЕК-тен асатындар).

Қымбат алкоголь (литріне 500 мың теңгеден бастап).

Шылым (данасына 10 000 теңгеден бастап).

Сонымен қатар, мүлік салығы объектілерінің жалпы құны 450 миллион теңгеден асса, артады.

Бұрын қалай болды: Бағалы тауарларға тек стандартты мөлшерлемелер қолданылатын.

Бұл нені білдіреді: Көпшілік азаматтарға әсер етпейді, ал бай адамдар көбірек салық төлейді.

Жеңіл тәсіл

Не өзгерді: Камералдық бақылау — заң бұзушылықтарды анықтаудан айырмашылықтарды анықтауға қайта бағытталды.

Аз мөлшердегі берешек болған жағдайда шоттар бұғатталмайды.

Кейінге қалдыру және бөліп төлеу енгізілді.

Барлық шаралар берешек мөлшеріне қарай кезең-кезеңімен қолданылады:

20 АЕК-ке дейін — хабарлама жіберу және өсімпұл есептеу, 20 АЕК-тен көп — хабарлама, өсімпұл есептеу, шоттарды бұғаттау, 45 АЕК-тен көп — барлық мәжбүрлеп өндіру шаралары.

Бұрын қалай болды: Тіпті аз мөлшердегі берешек болса да шоттар бұғатталуы мүмкін еді (6 АЕК-тен асқан салық бойынша, жоғары және орта тәуекелді салық төлеушілер үшін).

Бұл нені білдіреді: Мемлекеттік органдар енді қатал іс-әрекеттерге бармайды. Бұл шағын және адал салық төлеушілерді қорғайды.

Әзірге барлығы уақыттың еншісіндегі мәселе. Реформаның артықшылықтары енгізілген кемшіліктерін жүйе іске қосылған кезде нақты байқалатын болады.

Оқу үшін