25 ақпанда Алматыда сиреналар қосылады

Фото: depositphotos
25 ақпан күні сағат 11:00-де Алматы қаласында «Көктем – 2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне жоспарлы тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оқу-жаттығу барысында қала аумағында сиреналар қысқа уақытқа қосылып, теле және радиоарналар арқылы сынақ хабарламасы таратылады. Мамандар тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады — бұл жоспарлы тексеру.
«Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналын естіген жағдайда теледидарды немесе радионы қосып, сондай-ақ ресми интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалардағы ақпаратпен танысу қажет.
Сонымен қатар 25–26 ақпан күндері Алматыда су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтеді. Қаланың түрлі аудандарында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылған.


