1414 SMS-қызметіне кіру талаптары күшейтілді — Министрлік түсінік берді

Фото: nofake.kz/
Қазақстанда мемлекеттік сервистерге кіру кезіндегі қауіпсіздік талаптары қатаңдатылды. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Енді 1414 SMS-шлюзін пайдаланатын ақпараттық жүйелерге кіру қосымша қорғалады және тек биометриялық аутентификация (FaceID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе арнайы QR-код (eGov QR) арқылы ғана мүмкін болады. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жоғарыда көрсетілген міндетті талаптарды енгізбеген ақпараттық жүйелер 1414 SMS-шлюзін пайдалану қызметінен ажыратылады», — деп хабарлады министрлік.
Желтоқсан айынан бастап осы талаптарды орындамаған мемлекеттік ақпараттық жүйелер 1414 арқылы SMS жіберу қызметінен ажыратылады.
Ведомствоның мәліметінше, шара Бас прокуратураның үйлестіруімен қабылданып, қазақстандықтарды телефон алаяқтарынан қорғау мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдармен бірлескен жүйелі жұмыс жалғасып жатыр.
«Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін eGov Mobile қосымшасында күмәнді әрекеттерді тану, кибергигиена және қауіпсіз онлайн-пайдалану жөніндегі ақпараттық баннерлер орналастырылған. Министрлік аталған шаралар «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға, құқықтық қауіпсіздікті күшейтуге және цифрлық сервистерге деген сенімді арттыруға бағытталғанын атап өтті», — деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.


