NoFake

13-ші жалақы кімдерге және қандай жағдайда беріледі: министрлік жауап берді 

Flat lay boss day concept with copy space

Freepik.com

Көпшілік арасында бір жыл ішінде 12-ші жалақымен бірге 13-ші жалақы беріледі деген ақпарат тарап жүр. Мұндай жалақы кімдерге және қандай жағдайда берілуі мүмкін? nofake.kz/ тақырыпты зерттеп көрді. 

Көпшілік мұндай жалақыны қашан және қандай жағдайда алуға болатынын біле бермейді.

Com
Скрин әлеуметтік желіден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жайтқа байланысты ресми түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс беруші мұндай еңбекақы — сыйақыны жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылату үшін тағайындай алады. 

«Яғни, еңбек заңнамасы бойынша 13-ші жалақы немесе сыйақы беру және ынталандыру шараларын енгізу жұмыс берушінің міндеті емес, оның құқығы. Заңға сәйкес, қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және еңбекке ынталандыру жүйелері ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде көрсетіледі», — деп түсіндірді мамандар.

Ведомствоның хабарлауынша басты талап – ең төмен кепілдіктердің сақталуы. Ал, ҚР Еңбек Кодексінің 102-бабына сәйкес бұл кепілдіктерге төменгілер жатады:  

Біріншіден. Айлық жалақының ең төмен мөлшері.

Екіншіден. Сағаттық жалақының ең төмен мөлшері. 

Үшіншіден. Үстеме жұмысқа ақы төлеу. 

Төртіншіден. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу. 

Бесіншіден. Түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеу. 

Алтыншыдан. Жұмыскердің жалақысынан ұстап қалудың мөлшерін шектеу. 

Жетіншіден. Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерін қамтиды.

Айта кетерлігі, аталған кепілдіктерді барлық жұмыс берушілер міндетті түрде сақтауы тиіс. 

Бюджеттік және бюджеттік емес мекемелерде 13-ші жалақы қалай беріледі?

Бюджеттен тыс мекемелерде (жеке ұйымдар) бонус, премия, «13-ші жалақы» сияқты төлемдер тек жұмыс беруші өзі міндет алған жағдайда төленеді. Бюджеттік мекемелерде сыйақы төлеу арнайы мемлекеттік нормативтік актілермен реттеледі (мемқызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және т.б.).

Еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы Ербол Исмаиловтың айтуынша, ҚР Еңбек Кодексінде 13-ші жалақы ұғымы жоқ. Оны тек жұмыс беруші өз бюджеті мен қаржы жағдайына қарай қызметкерлеріне тағайындай алады. 

«Еңбек кодексінде мұндай ұғым жоқ. 13-ші жалақы тек мекеме немесе компанияның жеке қарамағындағы мәселе. Яғни, егер компанияда қызметкерлерге 13-ші жалақыны бере алатын мүмкіндік, артық қаражат болса ғана беріледі. Бұл жерде қызметкердің қабылеті, оның KPI сынды көрсеткіштерді жаба алуына тікелей байланысты. Жалпы 13 жалақы бюджеттік, еңбек жағдайы ауыр салалардың қызметкерлеріне де қарастырылмаған. Яғни, заңда мұндай түсінік мүлдем жоқ», — деп түсіндірді маман. 

Яғни, көргеніміздей заңда 13-ші жалақы ұғымы жоқ. Оны тек жұмыс беруші (мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелер) өзінің қаржылық жағдайына қарай тағайындай алады. Сыйақыны тағайындау барысында қызметкердің жұмыс өнімділігі, оның еңбекке қабылеті сынды ерекшеліктері ескерілуі мүмкін. 

Оқу үшін