NoFake

ҚМА бюджет қаржысына Астанадан пәтер алған түркістандық дәрігердің үстінен іс қозғады

Снимок экрана 2025 12 09

Фото: depositphotos.com

Түркістан облысы бойынша ҚМА департаменті медициналық жабдық сатып алуға қатысты ірі көлемдегі ұрлық дерегін тергеп жатыр. Тергеу мәліметінше, бюджеттен бөлінген 115 миллион теңге жалған келісімшарттар мен бағаларды негізсіз көтеру арқылы иемденілген, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы» МКК бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарттар жасау арқылы сатып алуды ұйымдастырған.

«Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған. Сонымен қатар, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген. Ауруханадан аталған компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлген», — деп мәлімдеді ҚМА-ның баспасөз қызметі.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 115 млн теңгені құрайды. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үй қамақта отыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Оқу үшін