NoFake

1 млн Ресей азаматы Қазақстан азаматтығын алғаны рас па

Коллаж: Nofake.kz

Әлеуметтік желіде 1 млн-ға жуық Ресей азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды деген ақпарат тарады. Nofake.kz аталған ақпараттың қаншалықты рас-өтірік екенін анықтап көрді.

Бұл ақпаратты әлеуметтік желіде танымал блогерлердің бірі жариялаған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Ақпарат рас па?

Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстан азаматтығын шамамен 10 мың Ресей азаматы алған. Оның ішінде 2,8 мыңы – этникалық қазақтар. Жылдар бойынша көрсеткіш мынадай:

Графика: Nofake.kz

Ресей азаматтары Қазақстан азаматтығын қалай алады?

ІІМ Қазақстан азаматтығына қабылдау тәртібі «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңмен және Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен реттелетінін атап өтті. Ведомство

Қазақстан азаматтығын алу екі жолмен жүзеге асырылатынын атап өтті:

Жалпы тәртіппен – ҚР Президентінің Жарлығымен, Президент жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның шешімі негізінде (шамамен 6 ай ішінде). Бұл жағдайда өтініш беруші бұрынғы азаматтығынан шыққанын немесе оның жоқ екенін растауы тиіс. Сондай-ақ Қазақстанда кемінде бес жыл тұрақты тұруы немесе Қазақстан азаматына кемінде үш жыл некеде болуы қажет.

Жеңілдетілген тәртіппен – Полиция департаменті басшысының шешімімен (шамамен 3 ай ішінде).

Жеңілдетілген тәртіп мына санаттарға қолданылады:

  • қандастар мен Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қазақтарға;
  • Қазақстанда жақын туыстары бар немесе 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін Қазақстан аумағында туған не тұрған Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтарына;
  • Қазақстан азаматымен некеде тұрған әйелдерге;
  • Қазақстан азаматтарының жесірлеріне.

Сонымен қатар заңда азаматтық беруден бас тартуға негіз болатын жағдайлар да көрсетілген. Мысалы, адамзатқа қарсы қылмыс жасаған, терроризм немесе экстремизм үшін сотталған, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге барған немесе жалған құжат тапсырған адамдарға Қазақстан азаматтығы берілмейді. Заңда мұндай бас тартудың барлығы 14 негізі қарастырылған.

Түйін

Осылайша, әлеуметтік желіде тараған «Қазақстан азаматтығын 1 миллионға жуық Ресей азаматы алды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. ҚР ІІМ мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстан азаматтығын небәрі 10 мыңға жуық Ресей азаматы алған. Азаматтық алу заңмен қатаң реттеледі және әрбір өтініш белгіленген талаптарға сай жеке қаралады.

Оқу үшін