NoFake

Әлеуметтік жәрдемақы тоқтамайды

Коллаж nofake.kz/

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «жәрдемақылар қысқарады», «АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) мүлдем тоқтатылады» деген әңгімелер тарап жатыр. Көпшілік арасында алаңдаушылық бар. Өйткені халық үшін ең өзекті тақырыптардың бірі – әлеуметтік төлемдер.

Бұл рас па?

nofake.kz/ тілшісі мәселені анықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдады.  Министрлік өкілі Гүлмира Жәкенқызы ресми жауапта былай деді:

«Мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі толық көлемде сақталады. Өзгерістер тек жергілікті бюджеттен берілетін қосымша көмекке қатысты. Мақсат – қолдауды әділ бөлу. Ешкім жәрдемақыдан айырылмайды».

Әлеуметтік жәрдемақылар тоқтамайды.
АӘК де сақталады.
Өзгеріс тек жергілікті әкімдіктер беретін қосымша көмекке қатысты.

Негізгі жәрдемақылар сол күйі қалады

Қазіргі таңда республикалық бюджеттен төмендегі жәрдемақылар төленіп отыр:

көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен наградталған аналарға берілетін жәрдемақы;

басқа да әлеуметтік санаттағы отбасыларға арналған төлемдер.

Мемлекет бұл төлемдерді қысқартпайды, тоқтатпайды.

Мысалы:

2025 жылдың қаңтар айында ғана 846 мың отбасы мемлекеттік жәрдемақы алған. Оның ішінде:

604,7 мың отбасы – көпбалалы ретінде,

241,8 мың адам – наградталған ана ретінде.

Жалпы сома – 49,5 млрд теңге.

Бұл жәрдемақылар табысқа қарамай беріледі. Яғни, 4 және одан көп баласы бар отбасыларға міндетті түрде төленеді.

Қанша төленеді?

Аналарға арналған төлемдер:

«Күміс алқа» – 25 165 тг

«Алтын алқа», «Батыр ана» – 29 097 тг

Бұл сандар – республикалық бюджеттен төленетін міндетті жәрдемақылар. Бұған ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.

Жаңа жүйе қайда енгізіледі?

2025 жылдың мамырынан бастап Үкімет мемлекеттік қызметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосты. Сол арқылы әлеуметтік көмек көрсету тәсілі де жаңарды.

Қазір пилоттық жоба екі жерде сынақтан өтіп жатыр:

Қарағанды облысында

Шымкент қаласында

Мұнда отбасылардың жағдайы балдық жүйемен (скоринг) бағаланады. Яғни, көмек шынымен мұқтаж адамдарға ғана беріледі.

АӘК қалай тағайындалады?

АӘК екі жағдайда беріледі:

Мысалы:
Отбасында 7 адам бар (ата-ана + 5 бала). Екі ересектің табысы – айына 200 мың теңге. Бұл табыс әр адамға бөлінгенде 28 571 теңгеден шығады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге. Демек, отбасы автоматты түрде аз қамтылған саналады. Үкімет жан басына шаққанда әрқайсысына жетпеген соманы (17 657 тг) ай сайын төлейді.

Егер табыс бір тиынға ғана артық болса (46 229 тг), АӘК берілмейді. Көпшілік түсінбей жүрген жері – осы.

Қосымша көмек деген не?

АӘК-ден бөлек, жергілікті әкімдіктер де көмек көрсете алады. Бұл – қосымша әлеуметтік көмек деп аталады. Ол әр өңірдің мәслихаты бекіткен тәртіппен беріледі. Отбасының жағдайы 30-дан астам ақпараттық базадан жиналған мәліметтермен бағаланады. Критерийлер – 23 түрлі әлеуметтік және экономикалық көрсеткіш.

Қосымша көмек түрлері:

бір реттік ақшалай төлем;

азық-түлікпен қамтамасыз ету;

үйі нашар болса жөндеу жұмыстарына көмек;

көмір беру;

мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету;

Маңыздысы: қосымша көмек мемлекеттік жәрдемақыларға әсер етпейді.

Өзгеріс тек жергілікті әкімдіктер беретін қосымша көмекке қатысты. Жаңа жүйенің мақсаты – көмекке мұқтаж отбасыларды әділ анықтау. Яғни, елде дүрліккендей «жәрдемақы қысқарады» деген ақпарат – жалған.

Оқу үшін