Қазақстандықтарға екі жерде жұмыс істеуге тыйым салынбайды

Depositphotos
Қазақстандықтар бірнеше жерде жұмыс істей алмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Шектеу барша азаматқа бірдей емес.
Әлеуметтік желілерде бұл өзгерісті қате түсініп, түрлі пікір тарады. Тіпті бірнеше мекемеде қатар еңбек етіп жүрген кей адам жұмыстарының бірінен шығып кеткен жағдай да болған. Ақпараттың рас-өтірігін nofake.kz/ тілшісі анықтады.
Министрлік не дейді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың әртүрлі жұмыс берушіде қатар еңбек етуге құқығы бар екенін түсіндірді. Негізгі шарт – жалпы жұмыс уақыты тәулігіне 12 сағаттан аспауы тиіс. Яғни негізгі жұмыс 8 сағат болса, қосымша жұмыс 4 сағаттан аспауы керек.
Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті төраға орынбасары Ерболат Әбілхатиннің айтуынша, мұндай тәжірибе бұрыннан бар.
«Мысалы, дәрігерлер екі ұйымның әрқайсысында 6 сағаттан, клининг қызметкерлері үш жұмыс берушіде 4 сағаттан істейді. Сол сияқты бухгалтер, электрик, күзетші, бағдарламашы, педагогтар мен журналистер де қосымша жұмыс істей алады», – деді ол.
Кімдерге тыйым салынған?
Қосымша жұмыс істеуге болмайтындар:
кәмелет жасқа толмағандар;
ауыр және зиянды өндірісте еңбек ететін жұмысшылар.
Кімдерге рұқсат етілген?
Мемлекеттік қызметшілерге тек оқытушылық, ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысуға рұқсат бар. Ал қалған кәмелетке толған азаматтардың жоғарыда аталған шектеулерге қатысы болмаса, бірнеше жерде жұмыс істей алады.


