Рак төңірегіндегі мифтер мен шындық: Қалай ажыратамыз

Коллаж: nofake.kz/
Қатерлі ісік туралы қоғамда жалған ақпарат пен қате түсініктер өте көп. Біреулер рак жұқпалы дерт деп ойласа, енді бірі ашығу немесе халық емі арқылы емдеуге болады деп сенеді. Алайда мұндай мифтер кейде адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Рак туралы кең тараған жаңсақ пікірлердің шындығын nofake.kz/ тілшісіне Қазақ онкология және радиология институтының дәрігері, химиотерапевт Рабиға Қадырбаева түсіндірді.
– Рактың инфекциялық табиғаты бар ма және ісік процесі адамнан адамға беріле ме?
– Қатерлі ісік адамнан адамға жұқпайды — рактың өзі басқа адамды «жұқтыра» алмайды: ол не жанасу, не ауа, не қан арқылы берілмейді. Алайда кейбір жағдайларда белгілі бір вирустық инфекциялар берілуі мүмкін. Мысалы, адам папилломасы вирусы (АПВ), В және С гепатиті вирустары, сондай-ақ Эпштейн–Барр вирусы. Бұл вирустар рактың өзін тудырмайды, бірақ ағзада ұзақ уақыт сақталуы ісіктің дамуына ықпал етуі мүмкін. Мәселен, АПВ жатыр мойны обырының дамуындағы негізгі қауіп факторы болып саналады, әсіресе оның онкогенді түрлері (көбіне 16 және 18 типтер) болған жағдайда. Бұдан бөлек, АПВ анальды каналдың, вульваның, қынаптың, жыныс мүшесінің, сондай-ақ ауыз-жұтқыншақ ісіктерінің дамуымен байланысты. Ал В және С гепатиті вирустары бауырдың гепатоцеллюлярлық карциномасының (ГЦК) дамуына әсер етеді. Эпштейн–Барр вирусы (EBV) болса, кейбір лимфоидты және эпителий ісіктерінің пайда болуымен байланыстырылған.
– Хирургиялық араласу ісіктің таралуына себеп бола ала ма?
– Шын мәнінде, қазіргі заманғы хирургиялық әдістер ісіктің таралуына әкелмейді.
Қазіргі онкохирургия қатаң абластика және антибластика принциптеріне негізделген, яғни ісік жасушалары алынатын аймақтан тыс шықпайтындай және басқа тіндерге немесе қанға түспейтіндей етіп орындалады. Арнайы құралдардың, бір реттік материалдардың, дәл резекция техникасының және операциялық алаңды өңдеу тәсілдерінің қолданылуы ісік жасушаларының таралу қаупін барынша азайтады. Көпжылдық клиникалық бақылаулар көрсеткендей: ісікті радикалды алып тастау — рактың көптеген түрлерін емдеудің негізгі және ең тиімді әдісі болып қала береді.
– Химиотерапиядан кейін міндетті түрде шаш түсе ме?
– Шаш түсуі (алопеция) химиотерапияның міндетті салдары емес. Оның дәрежесі қолданылатын ісікке қарсы препараттың түріне, дозасына және емдеу сұлбасына байланысты.
Ең жиі алопеция таксандарды (паклитаксел, доцетаксел) және антрациклиндерді (доксорубицин, эпирубицин) қолданғанда дамиды, ал басқа препараттармен емдеу кезінде шаш түсуі шамалы немесе мүлде байқалмауы мүмкін.
– Халықтық ем-дом химиотерапияны алмастыра ала ма?
– Халықтық ем-дом ісікке қарсы дәрі-дәрмек терапиясын алмастыра алмайды, себебі олар рак ауруын емдемейді. Онкологияда қолданылатын барлық препараттар — химиотерапия, иммунотерапия немесе мақсатты (таргеттік) терапия болсын — ұзақ әрі қатаң ғылыми тексеруден өтеді. Тек тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденіп, нәтижелері тәуелсіз ғалымдармен расталып, беделді журналдарда жарияланған соң ғана олар халықаралық нұсқаулықтарға (NCCN, ESMO немесе ASCO секілді) енгізіледі. Сондықтан онкологиядағы әрбір ісікке қарсы дәрі — бұл көптеген жылдар бойғы ғылыми еңбектің нәтижесі, ал жай кездейсоқ табылған тәсіл емес. Ал шөптер, тұнбалар мен «апаларымыздың емі» тек пайдасыз ғана емес, кейде қауіпті де болуы мүмкін — бауырды зақымдап, дәрілердің әсерін әлсіретіп, аурудың дамуына уақыт береді.
– Қатерлі ісік деген диагнозды естігенде адам көп жағдайда өзіне «өлім» деген үкім кеседі, бұл дұрыс па?
– Жоқ, «рак» диагнозы міндетті түрде өліммен аяқталады дегенді білдірмейді.
Қазіргі таңда көптеген қатерлі ісік түрлері сәтті емделеді, әсіресе ауру ерте сатысында анықталса. Қазіргі онкология хирургия, химио-, таргеттік, иммуно- және сәулелік терапия секілді тиімді әдістерге ие, олар ұзақ ремиссияға немесе толық сауығуға әкелуі мүмкін.
Барлығы рактың түріне, сатысына, ісіктің биологиялық ерекшелігіне және дәрігерге дер кезінде жүгінуге байланысты. Ең бастысы — уақыт жоғалтпау және дәлелденген емнен бас тартпау: терапия неғұрлым ертерек басталса, өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
– Рак тек қарт адамдардың ауруы ма?
– Жоқ, рак тек қарт адамдардың ауруы емес. Иә, жас ұлғайған сайын қауіп арта түседі, бірақ қатерлі ісіктер жастарда және тіпті балаларда да дамуы мүмкін.
Бұл тек жасқа емес, тұқымқуалаушылыққа, өмір салтына, канцерогендердің әсеріне, гормондық және иммундық факторларға байланысты. Соңғы жылдары рак 30–40 жастағы адамдар арасында жиірек анықталуда, бұл экологиялық жағдайдың өзгеруімен, күйзеліс және зиянды әдеттермен байланысты. Сондықтан жасты сылтауратпай, тексерілуді кешіктірмей, денсаулыққа көңіл бөлу маңызды.
– Антиперспирант сүт безі обырын қоздыруы мүмкін бе, екеуінің арасында байланыс бар ма?
– Мұндай байланысты дәлелдейтін сенімді деректер жоқ. Халықаралық үлкен зерттеулер дезодоранттарды қолдану мен сүт безі обыры жиілігі арасында статистикалық тұрғыда маңызды байланыс жоқ екенін көрсетті.
– Стресс немесе «негативті ойлау» рактың дамуына әсер ете ме?
– Эмоциялық стресс иммундық жүйеге әсер ететіні рас, бірақ психоэмоциялық жағдай мен ісік дамуының арасында тікелей байланысты дәлелдейтін ғылыми деректер жоқ.
– Диета немесе ашығу арқылы рак ауруынан айығуға бола ма?
– Жоқ, диета немесе ашығу ракты емдей алмайды — бұл көптеген ғылыми зерттеулермен дәлелденген. Керісінше, тағамнан бас тарту мен салмақ жоғалту химио- және иммунотерапияны көтеруді қиындатады, иммунитетті әлсіретеді және асқынулар қаупін арттырады. «Ашығу арқылы емдеу» мифі қауіпті: одан ісік емес, сау органдар зардап шегеді.
Ал дұрыс, теңгерімді, жеткілікті мөлшерде ақуыз, дәрумен және сұйықтық бар тамақтану емді жақсы көтеруге және қалпына келуге көмектеседі. Сондықтан рациондағы кез келген өзгеріс емдеуші онкологпен немесе клиникалық диетологпен келісілуі керек.


